Имам Әшғари мен ұстазы Әбу Али Жуббаи арасындағы «Үш ағайынды» мәселесі былай болған: «Муғтазила сенімі бойынша пенденің ғұмырында жақсы, қайырлы болған нәрсені Аллаһтың жасауы, жаратуы уәжіб. Өйткені, құлды жаратқан Аллаһ болғандықтан оған қажетті нәрсені өзі жаратуы керек. Имам Әшғари бұл мәселеде аз-кем күмәнданып ұстазы Әбу Али Жуббаиға былай деп сұрақ қояды: - Бірі кәпір, бірі мумин, бірі жастай өлген үш ағайынды жандар жайында не айтасыз? Ұстазы: - Мумин болғаны жоғары дәрежеге жетеді (жәннәтқа барады), кәпір болып өлгені азапқа душар болады, жастай дүниеден өткені сауапқа да, азапқа да душар болмайды, - деп жауап береді. Әшғари: - Әлгі жастай кеткені мумин салих дәрежесіне барғысы келсе рұқсат беріле ме? Ұстазы: - Жоқ, берілмейді. Және оның жауабы былай болады: «Сенің бауырың бұл жоғары мақамға мойынсұнумен, амалдарымен жетті. Ал сенің мойынсұнған амалың жоқ». Әшғари: - Егер жас бала: «Я, Аллаһ, кінә менде емес қой, сен маған ғұмыр бергеніңде саған мойынсұнар едім»,- деп айтса, Аллаһ Тағала не айтар еді? Ұстазы: - Жауап төмендегідей болар еді: «Сен өмір сүргеніңде бас көтеріп, қарсы шығып, менің азабыма ұшырайтын едің. Мұны білгендіктен саған ғұмыр бермедім. Сен үшін пайдалы, қайырлы болғанын жасадым». Әшғари: - «Сонда кәпір болып дүниеден өткен бауыры: «Әй, әлемдердің Аллаһы! Әй, жанашырлардың ең көп жанашыры! Оның жағдайын білген болсаң, менің де жағдайым Өзіңе белгілі еді. Не үшін оның пайдасына, қайырына болған нәрсені жасадың да мен үшін пайдалы, қайырлы болған нәрсені жасамадың?», – деп айтса, бұған не дейсіз?» дейді. Ұстазы: - Уасуасаға түстің (шайтан азғырып отыр), - деп жауап береді. Әшғари: - Жоқ, мен уасуасаға түспедім. Өкінішке орай шейхіміздің айтар сөзі қалмады, - дейді . Бұл мәселені әһли сүннет сенімі бойынша қарайтын болсақ, үш ағайындының басынан өткен нәрсе олардың тағдыры болып саналады. Кімнің қашан өлетіндігі дүниеге келместен бұрын оның тағдырына жазылып қойған. Балиғатқа толмай дүниеден өткен балалар сұрақ-жауапсыз жәннәтқа барады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш кісіге қалам жүрмейді. Сауыққанға дейін есі ауысқан адамға, оянғанға дейін ұйықтап жатқан адамға, балиғат жасына толғанша балаларға». (Бухари, Талақ 11. Худуд 22; Әбу Дәуіт, Худуд 17; Тирмизи, Худуд 1). Мұндай үзірі (себебі) бар пенделер құлшылықтан жауапты болмайды. Құлшылық ете білу үшін ақыл есі сау, балиғатқа толу керек деген қағида бар.